Ы.Алтынсарин атындағы Обаған жалпы білім беретін мектебінде Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына арнайы жоспар құрылып, сол жоспар бойынша іс –шаралар уақытымен өтілуде. «Ұлттың ұлы ұстазы-Ахмет» тақырыбында 1-11 сынып оқушылары арасында салтанатты линейка болып, ашылуы болып өтті. Іс – шара барысында, оқушылар Ахмет Байтұрсынов жайлы ақпарат беріп, өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармаларынан көріністер қойылды. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнебаян көрсетілді. Мектеп басшысының міндетін атқарушы Нурбеков А.Ж. мектеп ұстаздары мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты линейкаға аудандық мәдениет үйінің әншісі Алпысов С.Н. шақырылды. Ол «Қанщеңгел» поэмасын орындап, Ахметтің басынан кешкен оқиғаларды оқушыларға айтып өтті.
Мектеп кітапханасында бастауыш сыныптар арасында « Егіннің бастары» шығармасынан 3-сынып оқушылары, 4-сынып оқушылары «Иттің достығы» аудармасынан сахналық қойылым қойды.
«Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов шығармаларын дәріптеп жүрміз бе?» тақырыбында 8-9 сынып оқушылары арасында дебат ойыны өтті. Мақсаты: Ахмет Байтұрсынов шығармаларын жас ұрпаққа дәріптеу. Іс–шара барысында, оқушылар өз ойларымен бөлісіп, еркін сөйлеп, Ахмет туралы жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мол мағлұмат алды.
«Сөз зергері - Ахмет» тақырыбында 1-11 –сынып оқушылары арасында сынып сағаттары өтті. Мақсаты: Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту. Ахмет Байтұрсынұлы- қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914- 1915 жылдан 1927- 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының “Әліпбиімен” ашып, ана тілін Байтұрсынұлының “Тіл құралы” арқылы оқып үйренгені туралы мол мағлұматтар алды.
«Ахмет Байтұрсынов – ағартушы, педагог» тақырыбында 5-8 сынып оқушылары арасында мектепішілік жоспар бойынша эссе болып, жақсы нәтиже көрсеткендері аудандық кезеңге жіберілді
Жыл соңына дейін жоспар бойынша бірнеше іс –шаралар өтеді.