Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу - басты міндет» тақырыбында Алтынсарин ауданының прокуроры С.Т. Ганиматовпен оқушыларға құқықтық тәрбие беру және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кездесу өткізілді.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасында орын алған құқық бұзушылықтар, әлеуметтік желілерде таралған мектеп оқушылары арасындағы төбелестер туралы бейнежазбалар мысал ретінде келтіріліп, заңмен белгіленген жауапкершілік, қылмыстық және әкімшілік жаза түрлері, жауапкершілікке тартылудың болашақ өмірлері үшін теріс салдарлары туралы айтылды. Оқушыларға мектептің ішкі тәртібін ұстану, мектеп формасын кию, өз заттарына ие болып, бөтеннің затына қол сұқпау, мектеп қабырғасына бөтен заттарды, яғни өткір, үшкір, кескіш және электронды темекі заттарын алып келуге болмайтыны ескертілді.
Сонымен қатар, қауіпсіздік ережелерін сақтау, қараңғыда жалғыз жүрмеу, бөтен адамдармен сөйлеспеу, бейтаныс адамнан еш нәрсе алмау, бөгде автокөлікке отырмау, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында немесе көшеде жүрмеу қажеттігі түсіндірілді.