Ата-аналар жиналысының тақырыбы: «Мәңгілік құндылықтар – рухани тәрбие берудің негізі»
Мақсаты: отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие беру бағдарламасының негізгі мақсатын түсіндіру арқылы бала тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың маңыздылығын түсіндіру.
Міндеттері:
- Отбасы мен әлемдегі үйлесімділік пен бірлік, өркендеу үшін мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар тәжірбиесінің маңыздылығын ашып көрсету
- Ата-аналардың құндылықтар жүйесін бала тәрбиесіне және тұлға бойын дұрыс қалыптастыра білу дағдыларын дамыту.
- Ата-аналардың бойында отбасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілік, мейірімділік, сыйластық, жақсылық жасау, ынтымақтастық сияқты рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.
Ұйымдастыру кезеңi. Сәлеметсіздер ме, құрметті ата - аналар! Бүгінгі біздің «Мәңгілік құндылықтар – рухани тәрбие берудің негізі» атты жалпы ата-ана жиналысына қош келдіңіздер!
Бүгінгі жиналыс барысында:
1.Топқа бөлу (Құндылық арқылы топқа бөлу –ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет жасау, қиянат жасамау)
2.слайд көрсету (Білім сапасы туралы 2 слайд, тәрбие іс шарасы туралы 2 слайд )
3.видео, видео бойынша талқылау
4.Топтық жұмыс
5.Жағдаят шешу
6.Қорытынды, кері байланыс
Құндылықтардың атауы бойынша 4 топқа бөліп алу.
«Отбасында тыныштық болса-үйде тыныштық болады, үйде тыныштық болса-елде тыныштық болады, елде тыныштық болса-бүкіл әлемде тыныштық болады».Халық даналығы
Олай болса, құрметті ата-аналар, мына құндылықтардың ішінде сіздер үшін қайсысы маңызды. Әрқайсыңыз жеке-жеке айтып шықсаңыздар.
Ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, қиянат жасамау- (экранда көрсетіліп тұрады)
Ендеше, осы құндылықтар бойынша топқа бөлініп отырайық.
Келесі кезекте, топпен жұмыс жасамас бұрын, мектептің жалпы 1 жарты жылдық бойынша білім сапасы мен тәрбиелік іс шараларға назар аударыңыздар,
(Оқу-ісі орынбасарлары 1,2 слайдпен айтып өтеді.)
(Тәрбие ісі орынбасарлары 1,2 слайд)
«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарында үлкендер мен бала арасындағы сыйластық, махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы адал еңбек етіп , халық сүюге тәрбиелеп отырмыз . Сондықтан, ұл- қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз Жүректен-жүрекке жетсе, қандай ғанибет» -дей келе, экрандағы бейнероликке назар аударыңыздар.
Бейнеролик көрсету.
Осы бейнеролик туралы қандай әсер алдыңыздар,қандай ой түйер едіңіздер?
Шығармашылық тапсырма беру:
4 топ жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйене тақырыпты ашу.
- Ақиқат: отбасындағы әке рөлі
- Сүйіспеншілік тобы: отбасындағы ана рөлі
- Дұрыс әрекет тобы: бала тәрбиесі
- Қиянат жасамау тобы: бала тәрбиесіндегі қоршаған орта рөлі
(Әр топтан кері байланыс)
1 - жағдаят. Он жасар баласының бөлмесін жинап жүрген шешесі баласының бір қатар заттарын қажетсіз деп лақтырып жіберді. Баласы сабақтан келген соң, бұл жағдайды көріп шешесіне қатты ренжіді. Шешесінің ойынша баласының мұндай реніш білдіруге қақысы жоқ. Себебі осы үйді реттестіретін, қалыпқа келтіретін жалғыз адам шешесі болғандықтан, қалай жинайды, солай болуы тиіс.
Сұрақ: Шешесінің іс әрекеті дұрыс деп ойлайсыз ба?
Қандай қателік бар?
Баланың қандай құқығы бұзылды?
2 - жағдаят. Баласының күнделігінде үнемі оның мектепте жанжал шығарғандығы туралы ескерту жазулы тұрады. Осы үшін балаға ата - ана тарапынан жазалау мақсатында әркез күш қолданған.
Сұрақ: Баланың мектепте үнемі жанжал шығаруы неліктен?
Осы жағдайда ата - ана не істеу керек?
3 - жағдаят. Бала өте қатал отбасында тәрбиеленеді. Оған ата - анасы ешқашан ойыншық сатып алып бермеді, тәтті әперіп еркелетпеді, концерт, кино, спектакльге де барып көрмеді. Ата - анасының айтқанымен жүрді, дегеніне көнді, тек бұйрықты жүзеге асырушы, орындаушы қалыпта ғана өсті. Бала ата - анасының барлық айтқандарын екі етпей, бұлжытпай орындаса да олардан бір ауыз жылы сөз естімеді.
Сұрақ: Мұндай отбасы туралы не айтар едіңіз?
Сіз балаңыздың осындай болып өсуін қалайсыз ба?
4 - жағдаят. Соңғы кезде Сымбаттың тәрбиесіне байланысты отбасында екі түрлі көзқарас туындап отыр. Әкесі Сымбатты шығыс жекпе-жегінің үйірмесіне жазамын, кейін өзін өзі қорғап үйренеді десе, анасы баласының ол үйірмеге баруға мүлдем қарсы. Оның ойынша, бұл қыз бала айналысатын іс емес. Сымбат не істерін білмей әуре. Үйірмеге қатысқысы келеді, бірақ анасының көңілін де қалдырғысы келмейді
Сұрақ: Мұндай жағдайда ата - ана не істеу керек?
Сіз кімнің көз қарасын жақтайсыз? Әкесінің бе? әлде шешесінің бе?
Кері байланыс: әртүрлі стикерлер таратылып беріледі. Соған бүгінгі семинардан алған білімдері мен әсерлері туралы жазып, тілек ағашына ілу.
Қорытындылау:
Халқымыз «Ұяда не көрсең, соны ілерсің» дейді. Бала әрқашанда ата анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата ананы өмірдің тірегі санайды.
Ата ананың тіршілігіндегі көрген қызығы, жақсылығының ең бағалысы перзенті. Баланың бойында туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Қатысып ой бөліскендеріңіз үшін рахмет! Келесі кезекте әр ата-ана сынып жетекшілеріңізге барып, балаларыңыздың оқуы мен тәрбиесі жөнінде сөйлесуге болады.